Домбыра америкалық рокерлердің көңілінен шықты
Домбыра америкалық рокерлердің көңілінен шықты
Домбыра америкалық рокерлердің көңілінен шықты
Домбыра америкалық рокерлердің көңілінен шықты Домбыра америкалық рокерлердің көңілінен шықты, деп хабарлайды БАҚ. АСТАНА. 2 тамыз. ҚАЗИНФОРМ – «Алдаспан» тобының музыканттары әлемдегі алғашқы электр домбыраның иелері атанды. Бұл аспап ұжымға АҚШ-тағы ең ірі лейблдердің бірінің рок-чартында жоғары орын алуға мүмкіндік берді. Бұл туралы бүгін «Экспресс К» газеті жазды (авторы Рүстем Омаров, «Домбыра хардкор стилінде»). Топ жетекшісі Нұржан Тойчиев «ЭК»-ке ғажайып домбыраның қалай жасалғанын айтып берді. Әлемдегі алғашқы электр домбыраны Нұржан Тойчиевтің тапсырысы бойынша электр гитараларын шығаруға маманданған мәскеулік компания жасады. Шеберлер бұл аспапты үш ай бойы дайындаған. – Біз үш аспапқа тапсырыс бердік: соло-домбыра, бас-домбыра және ритм-домбыра, – дейді Нұржан Тойчиев. – Әр домбыраның құны 2,5 мың доллар болды. Аспапты жасаушылардың өзі электр домбыраның қандай мүмкіндіктері бар екенін білмеген. Кейін мен оларға күй жазылған альбомды жібердім. Олар қатты таңғалды. – Электр домбыраның кәдімгі акустикалық домбырадан артықшылығы неде, түсіндіріп берсеңіз? – Акустикалық домбыра стадионда электр гитараны басып оза алмайды. Ал біздің электр домбыра кез келген аспапты “басып тастайды”. Айта кетейін, Мәскеудің ең үздік дыбыс режиссері Владимир Овчинников электр домбыраны естіп, оның үні ешбір аспаппен шатастырылмайтынын айтты. Біз ағылшын тіліндегі, көшпелі-әскери тақырыптағы әндерден тұратын альбом жаздық. Аранжировкаға күйлердің әуендерін қостық. Кейбір әндерді АҚШ-тағы ірі лейбл өткізетін жас рокерлер байқауына жолдадық. Сол чартта біз екінші орын алдық. – Осыдан кейін ірі лейблдерден келісімшарт ұсынған ұсыныстар көп түсті ме? – Мен америкалық музыкалық нарықтың ішкі жағдайын зерттедім. Бұл нарыққа сырттан келген топтарға өту өте қиын. Барлық ірі студиялардың артында «Сэм ағайдың» көлеңкесі тұр. Болашақ жұлдыз болуға үміткерлердің барлығы, рок немесе поп орындаса да, идеологиялық тұрғыда тексеріледі. Біздің топ қазақстандық мәдениетті және шығыстық құндылықтарды насихаттайды. Сондықтан АҚШ нарығына қатысты қазір артық үміт артпаймыз. Дегенмен, шетелдік нарықты бағындырып көреміз. Жалпы, рок музыкасы баяғыда-ақ далада пайда болған. Батыстан келген музыкалық сыншыға қазақтың күйін тыңдатып, “Бұл неге ұқсайды?” деп сұрасаң, ол: “Бұл – рок”, дейді. Шынында да, мысалы XV ғасырда шығарылған күйлер электр домбырада орындалғанда өте заманауи естіледі.