Домбыра хардкор стилінде

«Алдаспан» тобының музыканттары (суретте) әлемдегі тұңғыш электрдомбыраның иегерлері болып табылады. Бұл аспап ұжымға АҚШ-тағы ең ірі лейблдердің бірінің рок-чартында көшбасшылар қатарына көтерілуге көмектесті. Топтың жетекшісі Нұржан Тойшы «ЭК» басылымына ғажайып домбыраның қалай жасалғанын айтып берді. Әлемдегі алғашқы электрдомбыраны Нұржан Тойшының тапсырысы бойынша электргитаралар шығаруға маманданған Мәскеулік компания жасап шығарды. Аспапты дайындауға шеберлер үш ай уақыт жұмсаған. – Біз үш аспапқа тапсырыс бердік: соло-домбыра, бас-домбыра және ритм-домбыра, – дейді Нұржан Тойшы. – Әр домбыраның бағасы 2,5 мың доллар болды. Аспапты жасағандардың өздері электрдомбыраның қандай мүмкіндіктері бар екенін де білмеген. Кейін мен оларға күйлер жазылған альбомды жібердім. Олар есеңгіреп қалды. – Электрдомбыраның кәдімгі акустикалық домбырадан артықшылығы неде? – Акустикалық домбыра стадионда электргитараны басып оза алмайды. Ал біздің электрдомбыра кез келген аспапты «үнсіз қалдырады». Айтпақшы, электрдомбыраны естіген Мәскеудің үздік дыбыс режиссері Владимир Овчинников оның үні ешбір аспаппен шатастырылмайтынын айтты. Біз көшпелі-әскери тақырыптағы ағылшын тіліндегі әндерден тұратын альбом жаздық. Аранжировкаға күй әуендерін қостық. Кейбір әндерді АҚШ-тағы ірі лейблдердің бірі өткізетін жас рок-музыканттар байқауына жолдадық. Сол чартта біз екінші орынды иелендік. – Осыдан кейін сіздерге ірі лейблдерден келісімшарттар ұсыну жауды ма? – Мен америкалық музыкалық нарықтың ішкі астарын зерттедім. Бөтен елдің топтары үшін ол нарыққа ену өте қиын. Барлық ірі студиялардың артында «Сэм ағайдың» көлеңкесі тұр. Болашақ жұлдыздардың әрқайсысы – рок болсын, поп болсын – идеологиялық тұрғыдан мұқият тексеріледі. Біздің топ қазақстандық мәдениетті және шығыстық құндылықтарымызды насихаттайды. Сондықтан АҚШ нарығына қатысты қазір бізде артық үміт жоқ. Дегенмен, шетелдік нарықты бәрібір бағындырып көреміз. Жалпы, рок музыкасы баяғыда-ақ далада пайда болған. Батыстың қандай да бір музыкалық сыншысына қазақ күйін ойнап, «бұл неге ұқсайды?» деп сұрасаң, ол «бұл – рок» дейді. Шынында да, XV ғасырда шыққан күйлер электрдомбырада орындалғанда өте заманауи естіледі.